Көне аңыздар мен жартастарға жазылған Жазбалар Ойы туралы
Құрметті, осы кітапқа қызығушылық танытқан оқырмандарымыз! Кітаптың негізгі мақсаты: Арғылы Рухты (Әруақты) Ой Есі Ақ не Ісі Ақ (Сақ) Киелі Бабаларымыздың өз ұрпақтарына қалдырған Аманаттарын, Жазбалары Ойын қайта жаңғыртып, бөтен жұрт еншілеген, ұмыт қалған көне Жазбалар мәтіндерін түсіндіріп беру.
Мәтінтану – тіл мамандары үшін ең маңызды сала. Онсыз, ескі Жазбалар Ойын, оның мән-мағынасын түсіндіру оңай болмайды. Ежелгі замандардан бүгінге дейін жеткен аңыз-әңгімелер мен хикаялардағы көне сөздерге түсініктеме беріп, оның бұрынғы мәтінін түсіндіруді қажет етеді.
Қазіргі таңда, өз аңыздарымыз мен бөгде жұрттардың төл әдебиетіне айналған, көне аңыздар ойын толық түсіндіріп, бұрынғы мәтініне қайта келтірген зерттеушілер жоқтың қасы. Әсіресе көне жазбалардағы кейбір «түсініксіз келген не аударымсыз қалған сөздерге» назар салғандар болды ма? Жалпы Аңыз атауына біз түсініп жүрміз бе? Бұрынғылар өз Ұрпақтарына не айтқылары келгендерін білеміз бе? Бүгінге дейін осы сұрақтарға жөнді жауап жоқ. Зерттеушілер, көне аңыздар мәтінін түсіндіре алмағасын, көпшілік бұл туындыларды қиял-ғажап ертегілер деп жүр.
Зерттеуіміз кезінде, әсіресе бұрынғы мәтінінде жазылған аңыз ойларының кейбір дұрыс түйіспей тұрған жеріне назар аудардық. Егер Аңыздарда «Ежелгі Пірлердің» айтайын деген Ойлары, Жазбалар Ой тізбегі жалғасын тауып жатса, онда Аңыз Ойының Түйіні де болуы мүмкін деген оймен өз зерттеуімізді жалғастырдық. Содан, көне жазбалар ой-ұйқастығы келіспей тұрған тұстарын қайта өңдеп, өздігімізше бұрынғы мәтініне келтіріп отырдық. Егер «Бұрынғылардың» аңыздарында айтылған Ойлары жалғасын таппай, сөйлемдегі сөз ұйқастығы үйлеспеген жағдайда, онда аңыз ойын әрі қарай жалғастыруды жөн көрмедік. Көне Жазбаларды бұрынғы мәтініне қайта келтіргенде, оны қазақшаға аударып қана қоймай, Әлем Жаратылысының табиғаты туралы өз ой-түсінігімізбен қайта өңдеп қарағанымызда, аңыз оқиғаларының бірден өзгере бастағанын аңғардық. Негізінен бұл ежелгі Бабаларымыздың Өсиеттері екен, олар өз Ой-Толғамдарын келер Ұрпаққа жазбаша қалдырған Туындылары екен. Шындығында, Бабалар Ой Тағылымындағы Ілімдері туралы өз Ұрпақтарына жыр толғамы күйінде, біздерге ежелгі «Өрім Үні» (біз оны осылай атасақ, еуропалық ғалымдар оны «Руна әріптері» деп атайды, ССА) жазбалары арқылы қалдырған Аманаттары екендігін түсіндік. Бұлардың көркем шығарма еместігіне көзіміз жетті.
Бұрынғы Египетке Барған қауымдар (Фараондықтар) мен Бабалар Елі (Вавилон), Ой Барысындағылар Елі (Парсы) және Үнді жұрттары, кіріктер (гректер), Жердің арғы бетінде тұратын «Көк Ұймасы» Ілім Иелері (Майя), Хас Ой текті (Ацтек) Жұртының, герман-скандинав пен орыс-славяндарының, басқа жұрттардың еншісінде жүрген ежелгі аңыз-жырларының мәтіндерінің бір-біріне ұқсастығын байқауға болады. Осы аталған жұрттар ертеректе арғы Бабаларымыздың аңыздарын өз тілдеріне көшіріп алуы мүмкін деген пікірге келдік. Себебі осы аталған жұрттардың ерте заманда өзара байланысы болмаса да, аңыздарының мәтіндік ұқсастығы бізді таңғалдырды. Сол кезде осы аталған жұрттардың тұрмыс-мәдениеті де біркелкі болмаған, тіпті жазба әліпбиі де бір мезгілде пайда болмағаны белгілі. Мысалы, Бабалар Елі (Бабыл) мен Барғандар (Фараондық) қауымынан қалған жазбалар христиан дәуірінен (б.з.д.) 2,5 – 2 мың жыл бұрын пайда болса, бүгінгі Қытай мен Үнді жұрттарының жазба мәдениеті б.з.д. 1000 – 500 жылдары аралығында, ал грек жұртының көне аңыздары б.з.д. 700 – 500 жылдары қалыптаса бастағанын тарихтан білеміз. Герман-скандинав жұрттарының ежелгі жазба мәдениеті христиан дәуірінің 200 – 400 жылдары шамасында қалыптаса бастаса, ал орыстардікі одан да бері, яғни христиан дәуірінің IX – X ғасырларында ғана жазба мәдениеті пайда болған. Әр мезгілде жазылған көне шығармалардың мәтіні және әр жұрт өкілі жазбашыларының шығармаларында айтылған Ойлары бірдей болуына таңғалдық, әртүрлі жұрттың көне шығармаларының мазмұндары бірдей болуы мүмкін емес. Тек бір мысал келтірейік, аңыздарда жиі кездесетін «Көк Өрімдері» сөзінің мағынасы да, ұғымы да биік келген. Онда қазіргі астрономдардың ойларына кіріп шықпайтын ойлар жазылған, ежелгі шығармаларда айтылған Ежелгілер Ойлары неліктен бірдей болып келген? Өте ерте заманда тұрған адамдардың бәрі дерлік астрономия Ілімін бірдей меңгергені ме сонда, біз міне осыған түсінбедік.
Көне аңыздар мәтінін түсінген сайын, оның көркем шығарма емесін аңғардық. Осы аңыздардың бір Мәтінді, бір Ойлы болуы, нені білдіруі мүмкін? Заманында аталған жұрттардың жанында, көршілес мәдениеті жоғары Жұрт болуы мүмкін деп есептедік.
Бөтен жұрт өкілдері, Киелі көне Жұрттың тілін меңгерген соң, олардың көне жазбаларын қолданғанда, осы Жұрттың әліпбиін пайдаланып оқыған, уақыт өте, Киелі Бабаларымыздың көне әріптерін негіз етіп, өздеріне жаңа әліпби жазып, Ежелгі Бабаларымыздың Жазбаларының Мәтінін түсінбей, өз ой-түсінігімен, өз тіліне келтіріп аударған. Арғылы Рухты (Әруақты) Бабаларымыздың туындыларын еншілеп, енді «өз кітаптарын» саудаға салып, Жазба Есі атанып шыға келген.
Осы бөтен жұрт өкілдерінің жазбашылары, қай-қайсысы да, жырларда (көбіне көне аңыздар жыр күйінде жазылған) кездесетін, өздеріне түсініксіз бөтен сөздерді аудара алмаған соң, әсіресе «Киелілер Ілімдеріне» байланысты, өздеріне түсініксіз жерге келгенде, көне сөздерді өзгертіп, ал кейбір сөздерді сол күйінде қалдырған. Міне, осы «түсініксіз» сөздерге аса мән беріп, оны қазақшаға аударып, мәтінін түсінуге тырыстық. «Оның мәтіні өзгере ме, өзгерсе, ол басқа ұғым беруі мүмкін бе?» – деген оймен зерттеп қарағанымызда, көне аңыздардың басқа мағына бере бастағанына куә болдық.
Көне аңыздар бұрынғы өңіне келіп, өзгеріп шыға келді!
Қатты өзгеріске ұшыраған көне аңыздар бүгінгі Заманымызға дейін жеткеніне қуандық. Осыған да шүкіршілік еттік.
Кітабымызды жазбастан бұрын, Дүние жүзі халықтарының ежелгі аңыздары туралы әдебиетті қазақ тілінде таба алмаған соң, Ғаламтор (Интернет) көмегіне сүйеніп, орыстілді парақтарды ашып (сайттарға кіріп), көне аңыздарды көшіріп алуға тура келді. Зерттеуші-ғалымдардың ежелгі аңыз туралы жазған шығармаларына сүйеніп немесе еңбектерінің дұрыс не бұрыстығын талдап жатпай, бірден ешкімге жалтақтамай, орыс тілінде басылған көне аңыздарды қазақ тіліне аудара бастадық.
Көне аңыздарды қазақ тіліне аударғанда ғана, оның бұрынғы мәтінін түсінуге болатынын түсіндік!
Содан, бұрынғы Жазба Иелерінің кім екендерін түсіне бастадық. Көне аңыздарды жеке көзқарасымызбен аудардық. Басқа жұртқа тарап кеткен көне аңыздардың көптігі соншалық, барлығын бірдей әрі тұтас аудара алмайтынымызды түсінген соң, кейбір шығармаларды қысқартып, кітаптарымызды кезекпен шығаруды жөн көрдік.
Көне аңыздарды зерттеу кезінде, Арғылы Рухты (Әруақты) Бабаларымыздың өз ұрпақтарына қалдырған Аманаттары екенін түсінген соң, бірінші кітабымызда ежелгі Египеттегі, Орхон-Енісей алқабындағы көне жазбаларды, сонымен қатар қазақтың көне аңыздарының мәтіндерін бір-бірімен салыстырып көрдік.
Сондағы ойымыз: «Ежелгі жазбалардағы ойлар өзара сәйкесе ме, ой үйлесімділігі бар ма?» – деген оймен зерттеу жүргіздік. Егер көне жазбалар ойы бір-біріне сәйкес келген жағдайда, ежелгі Үйінділерді (пирамидаларды) кім салған, оны салған Жұрттың қазіргі ұрпақтары кім деген сұраққа жауап табар едік. Біз осы сұрақтың жауабын тапқан сияқтымыз, себебі кітабымызда келтірілген Жазбалар Мәтіні бір екеніне көзіміз жетті!
Қалған кітаптарымызда келтірген көне Жазбаларды: «Дүние жүзіне тарап кеткен ежелгі шығармалардың өзге мәні бар ма, бұлар да Ежелгі Өркениетті Жұртының шығармасы ма?» – деген оймен аудардық.
Көне жазбалар мен аңыздарды салыстыру кезінде, Арғы Ісі Ақ не Ой Есі Ақ (Сақ) Жұртының, Бабаларымыздың өз ұрпақтарына қалдырған Аманаттары екеніне, Өсиетті сөздері екендігіне көзіміз жетті. Себебі аңыз-ертегіге айналған Киелілер Ойларының бір текті және мәтіндерінің де бір-біріне ұқсастығын аңғардық.
Сонымен, Бабаларымыз біздерге не Аманат етті? Алдымен көне жазбаларында Жер мен Көкті, Тіршілікті Тән Иегерлері (Тәңірі) жаратқандығы туралы айтылған. Адамдарымыз, өз ғұмырының өтісінде, Ілім жолына шығу үшін Тән Иегерлеріне арнап садақа беріп, дәрет алып, ғибадатханаға барып Тән Иегерлеріне – Киелі Бабаларына арнап Ой Дұғарымын жеткізіп отырса (дұға оқыса), адамгершілік қасиетінен айырылмайтынын түсінген. Көне Жазбаларда Тәңіршіл Киелі Бабаларымыз әрдайым Тән Иегерлеріне жүгініп отырғандары баяндалады. Алғаш осы Әлемге көптеген Жазбаларын (Ілімдерін), таза Дінін әкелген өз Бабаларымыз екенін түсіндік. Арғылы Рухты (Әруақты) Бабаларымыздың Киелі Істері мен Ілімдері – адам тіршілігіне қажетті нәрселер.
Ерлік жасау, Көк Әлемін зерттеу, Көктегі «Пірлер Ағысы» (оны қазақ қазір «Пірақ» деп жүр) немесе «Көк Жолының» барын, құпиялы «Ғарыш күші» туралы ойлары, тағы да басқа көптеген мәселелерді қозғап, өз ұрпақтарына Аманат етіп, Ойға бай әрі сырға толы Жазбаларының барын түсіндік. Ертеде Тәңіршіл Киелі Бабаларымыз Жұртымызды дінге, көптеген тұрмыстық, тіршілікке қажетті нәрселерге, «Көк Жолдарын» қалай меңгеру керектігіне үйреткен.
Бабаларымыз Аңыз ретінде (аңғарыңыз деп) қалдырған, Пірлер өз Аманаттарында «Көк Өрімдеріне» ұқсас етіп Жар Тастардан Үйінділер салып, өз ұрпақтарына осында қандай Сыр жатқандығы туралы түсіндіргісі келген. Ендігі мақсатымыз – осындағы олардың аңыздары мен тасқа қашап жазылған Ойларын, Ілімдері туралы айтқандарын «жерге тастамай», меңгеруіміз қажет деп ойлаймыз.
Қадірменді оқырман, қазіргі зерттеуші-ғалымдардың «Үйінділерді (пирамидаларды) кімдер салды, не үшін салды, ол нені білдіреді?» – деген сұрақтарына осы кітабымыздан нақты жауабын табасыздар деп ойлаймыз. Сонымен, мыңдаған жылдар бойы өз тілінде көптен жырланбай, аяқасты қалған Арғылы Рухты (Әруақты) Бабаларымыздың көне туындылары мен жазбаларындағы Ойларына назар салалық.
Ал кейбір жерлері дұрыс аударылмай әрі сөз ұйқастығы келіспей тұрса, Арғылы Рухты (Әруақты) Бабаларымнан және оқырмандарымнан алдын ала кешірім сұраймын. Басты мақсатым – өз ұрпақтарына арнаған ежелгі Бабалар Ойларын жеткізу, олардың Ой бастамасын көтеру болатын.